Сапақкөл орта мектебі туралы мәлімет
Қазіргі таңда оқу мен ғылымға қойылып отырған талап өзгеше болып отыр. Өз алдымызға егеменді ел болып, енді өсіп өркендеу жолдары мен міндеттерге сәйкес, адамдар толыққанды жаңа жүйедегі білімді игеріп, оны жүзеге асыруға тікелей байланысты. Жаңаша оқу жүйесі, бұрынғы деңгейден, өзгеше болып, дүниежүзілік ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу еліміздің экономикалық – әлеуметтік, мәдени деңгейін жоғары көтеріп, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев мырза қойған міндеттерден шығуы керек.
Осы орайда өткенге көз жіберіп, қай уақытта қалай оқытылды, мектептердің базасы қандай дәрежеде болды, оны жақсартуға ел азаматтарының қосқан үлесі, одан білім алған баланың білім дәрежесі қандай болды, шәкірттеріне білім берудегі мұғалімдердің ынта – ықыласы, шеберлігі қандай дәрежеде болғанын көзге елестетудің өзі бір ғанибет. Қырқыншы – елуінші жылдары қиын– қыстау кезеңде ата –аналардың балаларын оқыту үшін жанкешті қамқорлығын айтып жеткізу қиын болар. Мектеп пен ата– ананың, мұғалім мен баланың байланысы, арақатынасы, мектеп базасын жақсартудағы ел басшыларының жасаған еңбектерін өткен кезеңнен қалған өзіндік сыры мен тарихы бар.
Сапақкөл орта мектебінің өткен жылдардағы тарихын еске ала отырып, оны ұрпақтарға жеткізу қажет және оны жастар білуі де, сақтауы да керек. Мектептің тарихы өткен ғасырлардың 30-ыншы жылы қиын – қыстау кезеңінде шаңырақ көтеріп, бастауыш мектеп болып ашылды. Алғашқы бастауыш мектеп екі сынып бөлмесі, мұғалімдер және шаруашылық бөлмесінен тұратын. Алғашқы ұстаз және мектеп меңгерушісі болып, сол кездегі білімдар азамат, жан – жақты сауатты (қызыл школ) Шотаев Рахметжан болған. Оның бастауыш мектепті ұйымдастырудағы қызметі жоғары бағаланған. Мектепке бала тартуда қиындықтары аз болмаған.Ол кезең колхаздастырудың қиын кезеңі, тұрмыстық жағдайдың нашарлаған уақыты екені белгігі.
Сол бастауыш мектептің базасына 1937 жылы жеті жылдық орталау мектепке айналған. Жеті жылдық мектепке айналғаннан кейін мектепке келген мұғалімдер саны көбейіп, құрамы жас мұғалімдермен толығып, мектеп директоры болып Саркулов Макар, оқу ісінің меңгерушісі болып Орынбасаров Нұрымгерей қызмет жасаған.
Орталау мектептің алғашқы түлегі 1940 жылы 22 бала бітірген екен. Бірқатары келесі оқу жылында білім алуға құштарланып оқи бастаған, қалғандары колхозда қалып әртүрлі салада жұмыс жасаған.
Ұлы Отан соғысы басталғанда мектептің бетке ұстар ер мұғалімдері және жоғарыдағы алғашқы түлектердің 14 і ел қорғауға аттанып, одан он азамат сол соғыста қаза болған.
Ұлы отан соғысы аяқталып бейбіт еңбекті алаңсыз бастаған ауыл адамдары, соғыста қаза болған 119 (бір жүз он тоғыз) азаматты азалап жоқтоғаннан ештеңе шықпайтынын білгеннен кейін, олардың балаларын өсіріп жеткізуді армандады. Ауыл ортасындағы екі сыныптық мектепті үлкейту қажет деп есептеп, сол заманға сәйкестіріп мектеп салуды қолға алды. 1948 жылы сол кездегі Сапақкөл колхозының басқарма төрағасы Аманғалиев Хасен бастаған жанашырлар, колхоздастырудан бұрын осы ауылдың адамдары тұрған, көл жағасындағы көбісі ашылып қалған ескі үйлерден саман тасын бұзып, пар өгіз жеккен арбамен күндіз – түні тасып, 4 сынып бөлмесі, 4,5-5 айдың ішінде салып, жаңа оқу жылына дайындап берді. Мектептің төбесін жабатын ағашты Арал облысы өңірінен тасып әкелді. Су ағар жүйесін шидің түбінен салған еді. Сынып бөлмелері мен каридорын саманнан салынған саз балшықпен майланды. Каридордан қамыс немес шөп жағатын етіп әр сынып сайын пеш салынған.
Бұл жерде менің айтайын деп отырғаным, сол кезде соғыстан шаршап келген жаралы солдаттар мен жасы асып соғысқа бара алмай қалған аталарымыз және апалардың еңбегін жастарға үлгі етіп отырып, қалай еңбек жасағанын мақтан тұтуымыз қажет.
Олар 8-12 км жерден саман тасты бұзып әкеліп, ыждағаттап қалып, мектепті салып беру,балалары үшін үлкен еңбек екеніне дауымыз жоқ.Қысқа мерзім ішінде мектеп салу оңай шаруа емес, ол басшының ұйымдастыру қабілетінің жоғары деңгейде болғанымен бірге, сол кездегі жұртшылықтың ұйымшылдығы, адамдардың қажыр– қайратын аямай жұмсағанының арқасы.Олардың қатарында, қара жұмысты бел шешпей жұмыс істеген Абдрахман,Тұрғанғазы,Дүйсен,Үмбет,Аманғали,Нұрым,Керей ұста,Әбу,Бисенғали,Боранбай,Нұрғали,Қисымбет,Тәжидән,Ысқақ,Мәмбет,Слан,Айтқали және Ұлы Отан соғысында ерлері қаза болған апаларымыз Иманғалиева Орын, Бердешова Қоңыр, Дінқоразова Сафия, Мәмбетова Бақыт, Орынбаева Қырмызы т.б. көптеген жесірлермен бірге, жас жігіттер мен бой жеткендер бар еді.Олардың еңбегі уақытында еленбей қалған жоқ.Бірақ кейінгі кезде олардың ерен еңбектері ұмытылып барады.Қазіргі оқып жатқан балалардың аталары мен әжелерінің осындай қызмет жасап кеткенін біліп жүрулері керек.
Колхоздар ірілендіріліп, шаруашылық дами бастағанда, әлеуметтік қызмет көтеріле бастағанда аталар мен әжелер, аға мен апалар салған мектеп тарлық ете бастады.
1959 жылы «Үшінші бесжылдық» колхозын басқаруға осы мектептің түлегі, екі институт бітірген,комсомолдық жолдамамен келген Сағиев Зейнолланы колхоз мүшелерінің жалпы жиналысы басқарма төрағасы етіп сайлады. Ол келгеннен бастап жақсы себептерге бастама бола білді. Ең бірінші қолға алған ісі – типтік жобадағы жаңа мектеп салу болды. Ол бастаған ісін толықтай аяқтап, 240 балалық типтік жобадағы орталау мектеп салып берді. Ол мектеп кейіннен орта мектеп салғаннан кейінде ауыл жұртшылығының қажетіне жаратылып, мәдени ошаққа айналып, салтанатты той өткізетін сарай болды. Ауданның бұрынғы басшысы марқұм Байсалбай Жолмырзаев келіп жүргенде «мынау Зейнолланың салдырған мектебі ғой, бұзбай жақсы істерге лайықтаған екенсіңдер» деп досын еске алып кететін. Кейіннен көпшіліктің пайдасына жаратылып кетті.
1975 жылы орталау мектеп орта мектепке айналғаннан кейін бұл мектеп тарлық ете бастағасын, қайтадан орта мектеп салу қолға алынды. 1988 жылы типтік жобамен орта мектеп салып беруде совхоз директоры Балапашев Сәрсенғалидың еңбегі ұшан- теңіз. Сәрсенғали тек мектеп емес, елдің құрылысын жүргізуге, совхоз орталығын көркейтуге, малшылар үйлерін қайта салуға, мал баздарын салуға ұлу тастарын Бейнеуден тікелей тасытып пайдаланды. Сәрсенғалидың ауыл-елдің көркейтуге, шаруашылықты ілгері дамытуға сіңірген еңбегі аз емес. Қазіргі орта мектептің жағдайы шешілген деп айтуға негіз бар. Алғашқы ашылған жылдары 630-645 аралығында балалар оқуға қатысты. Қаракөл мектебінде қайта салып, жаңалап балалар бақшасы ашылған болатын . Бұл мектеп орталау мектепке айналып, жұртшылықтың ешқайда қозғалмауына жағдай жасалған. Мектептердің материалдық техникалық базасы үлкейген сайын, мектеп бітіргендердің білім дейгейі төмендеген жоқ.Екі сыныптық мектептен орталау білім алғандар және одан кейін де оқушылар саны жыл сайын өсіп отырған.
Мектептің алғашқы ұстаздарының жолын қуған мұғалімдер, біз сол мектепте оқыған кезеңде өздерінің білімдерін, бойындағы тәлім – тәрбие беру әдістерін, оқыған тоқығандарының бәрін шәкірттеріне үйрететін. Біздерге алғашқы сабақ берген Сисенова Зада, Әбуов Құлдыбай, Дауов Жаңабай, Бердешов Қабдрахман, Дүйсенғалиев Мәлік, Қабдолов Қыдырғали , Есенғалиева Сара, т.б. ұстаздарымыз шәкірттерінің сабақ білгеніне қуанып, білмесе оны үйретемін деп, бар уақытын сарп ететін. Сабақ берген ұстаздарымызды пір тұта отырып , олардың еңбектерін еш кетірген жоқпыз деп ойлаймын. Сол мектептен орталау білім алып, артынан орта және жоғары білім алғандар ішінен республикамыз бен облысымызға белгілі азаматтар шықты. Жамбыл Химия зауытында ұзақ жылдар цех бастығы Аманғалиев Сайын Хасенұлы, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми атақ алса, Кереева Қарлыға мен Құлниязов Табыл жазушы, Ө.Әкімов, М.Садықов, М.Балжанов, ағайынды Нұрымгереевтер, Е.Қалиев т.б. партия, совет, шаруашылық қызметтерін жете меңгеріп, үлкен абыройға ие болғандар. Сол сияқты сол жылдардың түлектері жоғары сыныпты дәрігерлер Е,Сәрсенов, Қ.Нұрымгереев, А.Темірмұханов, заң институттарын Т.Мұханбетқалиев, Б.Қисымбетов тау-кен техникумын қызыл дипломмен бітірген. Қилашев Жұмабай жер қойнауын зерттеуге қатысып, соңынан семья жағдайына байланысты елге оралып, құрылыс маманы болып елге қызмет еткендер.
Сол жылдары және одан кейін осы мектепті бітіргендер ішінен ұстаз болып оралғандар жеткілікті. Қазіргі мектептегі ұстаздардың көпшілігі осы ұядан ұшқандар екеніне қуанамыз.
(Сапақкөл орта мектебінің алғашқы түлегінің бірі – Дүсіпов Тілеуғали ағайдың естелік кітабынан алынған.)
Бүгінгі таңда мектебіміз техникалық базасы жетілген, іші жарық, кең. Сапақкөл орта мектебі екі қабатты зәулім ғимаратында 235 оқушы білім алып, 45 ұстаз қызмет атқаруда.
Сапақкөл орта мектебінің марапаты
«Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасында жастарға патриоттық тәрбие берумен қатар, туған өлкені гүлдендіру мен көрктендіру мақсатындағы жұмыстарды жоғары дәрежеде ұйымдастыра білгені үшін « Үздік білім беру ұйымы» деп танылып, облыс әкімі тағайындаған жүлде –автокөлікті иеленген. (2011ж)